Петропавлда «Шоқтығы биік есімдер» атты көрме ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Шоқтығы биік есімдер» атты көрме ашылды. Бұл жерден биыл мерейтойлары атап өтілетін, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан біртуар тұлғалардың жеке заттарын, құжаттарын көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда «Шоқтығы биік есімдер» атты көрме ашылды

Бір жыл бойы жұмыс істейтін көрме Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған. Биыл Қызылжар өңірінің тумасы, қазақтың көрнекті жазушысы, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толады. Көркем сөздің хас шебері Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің 105 жылдығы атап өтіледі.

«Еліміз дана, кемел тұлғаларға бай. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан жерінен қаншама танымал азаматтардың шыққанын баршамыз білеміз. Биыл түркітанушы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады. Ғалымның мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілмек. Осындай ерекше көрменің тарихи-өлкетану музейінде ашылғанына қуаныштымыз»,- деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Ақмарал Ибраева.

«Шоқтығы биік есімдер» көрмесіне биылғы мерейтой иелерінің фотосуреттері, құжаттары және ақын-жазушылардың қаламынан туған шығармалары қойылған. Көрермен назарына ұсынылған дүниелердің ішінде Ғабит Мүсіреповтің қолданған жеке заттары да бар. Соның бірі - бала күнінде пайдаланған ер-тоқым.

Биыл, сондай-ақ, солтүстікқазақстандық ғарышкер Владимир Шаталовтың да мерейтойы, туғанына 95 жыл толмақ. Екі дүркін Кеңес Одағының батыры былтыр Мәскеуде қайтыс болды. Көрмеде атақты ғарышкер жайында да тың деректермен танысуға болады. Мәселен айдың бетіндегі кратерлердің бірі Шаталовтың есімімен аталған екен. Келушілердің назарына ғарышта ол қолданған заттар, азық-түлік консервілері, киімдері ұсынылған.