Петропавлда синтетикалық есірткіні жасырып, таратты деген күдікпен әйел ұсталды

Синтетика
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 300 грамға жуық синтетикалық есірткімен қала тұрғыны ұсталды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстады. 39 жастағы әйел синтетикалық есірткі таратумен айналысатын интернет-дүкендердің бірінде буып-түюші болып жұмыс істеген. Оны ұстаған кезде қалтасынан, жалдамалы пәтердің дәретханасы мен жатын бөлмесінен, өзі есірткі жасырған орындардан ішіне ұнтақ зат салынған шағын қалташалар мен түйіншектер табылды.

Сараптама нәтижесі тәркіленген заттардың жалпы салмағы 227,97 грамм «α-PvP» синтетикалық есірткісі және 57,57 грамм «мефедрон» екенін көрсетті.

Сондай-ақ, электрондық таразы, орауға арналған материал мен есірткіні буып-түюде қолданатын басқа құралдар тәркіленіп алынды.

«Күдіктінің өзі есірткіге тәуелді, бұрын есірткі сақтағаны үшін істі болған. Алайда одан сабақ алмаған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ол буып-түюші болып тек 3 ай ғана жұмыс істеп үлгерген. Енді аса ірі көлемде есірткі өткізгені үшін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Жыл басынан СҚО аумағында полицейлер 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіледі.

Соңғы жаңалықтар