Петропавлда скутер жүргізушісі жеңіл автокөлікке соқтығысып, қаза тапты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда скутердің 43 жастағы жүргізушісі жеңіл автокөлікпен соқтығысып, көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Осипенко және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында тіркелген.
«Honda fit» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Караванная көшесімен Осипенко көшесіне қарай жүріп келе жатып, рөлге ие болмай қалған. Соның салдарынан жолайрықта скутер мен Қазақстан Конституциясы көшесінде тоқтап тұрған «Chevrolet Aveo» автокөлігіне соғылған», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Жыл басынан бері өңірде 97 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 11 адам көз жұмған, 128 адам жарақат алды. Дәл осы уақыт аралығында полицейлер облыстың жолдарында 50 мың жол ережесін бұзу фактісін анықтаған. Мас күйінде рөлге отырған 790 жүргізуші ұсталды. 5 мыңнан астам құқық бұзушылықтар жылдамдықты асырумен байланысты.
Автор: Олеся Жуковень