Петропавлда соңғы күндері үш әйел жоғары қабаттан құлады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 73 жастағы әйел алтыншы қабаттан құлап кетті.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін таңертең болған. "102" арнасына Петропавлдағы Абай көшесінде орналасқан үйдің кіреберісінің шатырына 6 қабаттан әйелдің құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел жәрдем қызметі келгенше зейнеткер оқиға орнында көз жұмды.
Тәртіп сақшылары мерт болған әйелдің 73 жастағы зейнеткер екенін анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді, болған оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Петропавлда соңғы күндері әйелдердің көпқабатты үйлерден құлау жағдайлары жиіліп кетті.
3 қаңтар күні Екінші Заречная көшесіндегі көпқабатты үйдің үшінші қабаттағы терезесінен 52 жастағы әйел құлады. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Бұл факті бойынша да полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Оның алдында, 21 желтоқсанда Петропавлдағы Гоголь көшесіндегі көпқабатты үйдің төртінші қабатынан 35 жастағы әйел құлап түсті. Ауыр жарақат алған ол емдеу мекемесіне жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, аман.
Бұл іс бойынша да тергеу жүріп жатыр.
Бұған дейін Петропавлда көзіне пышақ кірген баланың ісі жаңа бап бойынша тергеліп жатқанын жазған едік.