Петропавлда су басқан аумақта байлаулы қалған ит құтқарушысының қолында күшіктеді

ит
Фото: Асқан Рахимов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тұрғындардың кейбірі су тасқынына байланысты қауіпсіз аумаққа көшкенде үй жануарларын қалдырып кеткен. Оларды әскери қызметшілер мен полицейлер құтқарып жатыр. 

Петропавлдағы Тепличное елді мекенінде орналасқан саяжай қауымдастықтарына рейд барысында 99275 әскери бөлімі аумақтық қорғаныс батальонының мамандары байлаулы тұрған итті байқап қалады. Қасындағы үй тұрғындары да итін байлаулы қалдырып кетіпті.

ит
Фото: Асқан Рахимов

 

«Сұр ит те, қара ит бізге тіпті үрген де жоқ, құтқаруға келгенімізді сезгендей. Олар ит үйшігінің үстінде отырды. Ефрейтор Мерей Нұрғожин итті көтерген кезде, ол қолында күшіктеп, өзі сияқты қара күшікті туды», - дейді батальонның барлау взводының командирі Асқан Рахимов.

Әскери қызметшілер соңғы бір аптаның ішінде ғана қауіпті аумақтан 13-18 үй жануарын құтқарған.

«Адамдар үрейге бой алдырып, барлығын тастай қашады. Кейбірі осылайша иттерін де босатпай кетеді. Бір үйдің қорасынан қамалып тұрған қойларды таптық. Сыртынан жауып кеткен. Тағы бір үйдің қорасынан қояндарды алып шықтық. Көбіне тауықтарды шығардық. Мүмкін апаратын жерлері болмаған шығар. Бірақ біз су тасқынына дейін үй-үйді аралап, үй жануарларын бізге беріңдер, оларды арнайы эвакуациялық орынға жеткіземіз деп айттық. Мысалы Заречный кентінде біз иттерді әкетіп, оларды мектептің жанына байладық. Осылайша біз және волонтерлер тамақтандырып отырдық», - дейді Асқан Рахимов.

Маманның айтуынша, құтқарылған жануарлар төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлеріне табысталады. Ал олар шара қолданып, орналастырады.

Бұған дейін Бескөл ауылында 109 үйдің су астында қалғанын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар