Петропавлда су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 112 қызметіне тұрғын үйлер мен ауладан су айдауға көмек сұраған қоңыраулар келіп түсуде. Бұл туралы өңірлік ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Петропавлда су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда (ФОТО)

«Облыс әкімінің өкімімен 31 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс істейтін су тасқынына қарсы штаб құрылды. Жұмыс кенті, Бензострой, Подгорный, Копай және қаланың басқа да шағын аудандарының тұрғындары қарғын сумен арпалысуда. 30 наурызда облыстың Апат медицина орталығы филиалының жедел ден қоюымен Мәскеу көшесі бойынша су басу аймағынан денсаулық жағдайына байланысты шыға алмаған  85 жастағы Петропавл тұрғыны  қауіпсіз жерге шығарылды», - делінген хабарламада.

Дәрігер-құтқарушылар зардап шеккен әйелді зембілмен алып шығып,  туыстарының үйіне жеткізді.

Төрт күн ішінде, 28-31 наурыз аралығында жедел штабқа жүзден астам қоңырау шалынған. 1000 текше метр су айдалды. Су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасуда және ол ТЖД-ның тұрақты бақылауында.