Петропавлда су ұңғымасынан шыққан сұйықтық жана бастаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Ромашка» бау-бақша қоғамдастығындағы саяжайлардың бірінде учаске иесі ұңғымадан су емес, мұнай өнімі шыға бастағанын айтып, дүрлікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда су ұңғымасынан шыққан сұйықтық жана бастаған

Видео әлеуметтік желіде тарады. Саяжай иесі ауладағы су ұңғымасынан әлдебір сұйықтық алып, оны жағады. Сұйықтық лапылдап жана жөнеледі.


Ерекше жағдайды көзбен көру үшін оқиға орнына тілшілер де барды.

«Біздің көзімізше 12 метрлік ұңғымадан ыдыспен су алды. Қоңыр түсті сұйықтық шықты. Өткір иісті, мұнай өнімдеріне келеді. От қойып еді, лапылдай жөнелді. Үстіне таза су құйып әзер сөндірді. Мұндай жағдай 10 күн бұрын пайда болыпты. Тек бұл учаскеде ғана емес, тағы үшеуінде осындай жағдайды байқадық. Қайдан келгені белгісіз. Жерасты суларымен көшіп жүр ме, қандай аумақты алып жатыр? Жалпы бұл не? Сұрақ көп, әзірге жауабы жоқ», - дейді республикалық телеарналардың бірінің меншікті тілшісі Ольга Витукевич.

Саяжай иесі Татьяна Черноморецтің айтуынша, отбасының барлық ыдысы бүлінген. Енді моншасының да су құятын ыдысын ауыстыруға тура келеді. Өйткені бәрі майланып кеткен, от тисе лап ете түсуі мүмкін.

Бау-бақша қоғамдастығының маңында жанар-жағармай құю орталығы орналасқан. Тұрғындар орын алған оқиғаны сол орталықпен байланыстырған. Алайда станса мамандары олардың күдігін жоққа шығарды.

«Күнде таңертең біз құйылған және сатылған өнімді салыстырамыз. Далаға ағып жатқан болса, ол бірден көзге түсер еді», - дейді орталық мамандары.

Оқиға орнына экологтар да келіп, тиісті сараптаманы алды. Оның қорытындысы 3-5 күннің ішінде белгілі болмақ.


Видеодан алынған кадр