Петропавлда таныстарын алдап, 7 млн теңгені иеленген алаяқ сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың 24 жастағы тұрғыны таныстарын алдап, олардың 7 млн-нан астам теңгесін қолды еткен. Алаяқ 5 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда таныстарын алдап, 7 млн теңгені иеленген алаяқ сотталды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 24 жастағы тұрғыны 2018 жылдан бері түрлі сылтау айтып таныстарынан ақша алып келген. Біреуіне шетел банкінде қомақты қаражаты барын, ол ақшаны шешіп алу үшін міндетті төлем мен пеня төлеу қажет екендігін айтып, қарыз алған. Енді бірінен автокөлігін жөндеуге, кейін басқасын алуға, оны қайта тіркеуге қарызға ақша сұраған. Тіпті танысының бірінің банк реквизиттерін және қосымшасының құпия сөзін алып, сол арқылы несие ресімдеген.

2021 жылы тағы бір танысынан туысын жерлеу рәсіміне деп ақша сұраған. Алаяқ барлығы жеті адамды сан соқтырды. Келтірілген шығын 7 млн теңгеден асады.

«Тергеу барысында жігіт алаяқтық жолмен тапқан ақшасын құмар ойынға жұмсағанын айтты. Ойнаған сайын қарызы көбейе түскен, ол жақын таныстарының қаржылай және құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, алаяқтыққа барған.

Қазіргі уақытта ол 5 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр. Қаржы мәселесіне келгенде аса абай болуға кеңес береміз, құпия деректеріңізді ешкіммен бөліспеңіздер», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.