Петропавлда тасқында зақым келген су сорғы стансасы жөнделіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда тасқын кезінде зақымданған бірінші көтергіш сорғы стансасы жөнге келтіріліп жатыр. Сондай-ақ облыс орталығында балама сорғы станциясын салу жоспарланған.

сорғы
Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Өңір басшысының айтуынша, жаңғырту жұмысы Kazminerals компаниясының қаржысына жүргізіліп, сорғы қондырғысы ауыстырылады. 

станса
Фото: СҚО әкімдігі

«Жергілікті бюджеттен сорғы стансасын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 3,5 шақырым жер асты кабель желісі тартылады. Сонымен қатар, станция айналасындағы бөгет те нығайтылмақ. Биылғы су тасқыны қосымша су желісінің қажеттілігін көрсетті. Ойқаладағы сорғы стансасын қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданды. Онда сорғы стансасы салынбақ, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биылғы су тасқыны кезіндегідей Петропавл уақытша негізгі су құбырынсыз қалса, резервтік станса балама ретінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етеді», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін тасқын кезінде баспанасынан айырылған тағы 31 отбасы жаңа үйге кіргенін жазған едік.  

станса
Фото: СҚО әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар