Петропавлда тасқыннан кейін сүрілуі тиіс 2 мыңнан астам үйдің 400-і бұзылды

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымымен кездесіп, үздіктерді марапаттады. Тасқыннан кейін қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

«Су тасқыны кезінде журналистер күні-түні ақпарат беріп, апаттың ортасында болды. Бұл - үлкен ерлік. Қоғамда өзекті мәселелерді көтеріп, өңірдің дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов кездесу барысында.

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бірінші кезекте тасқыннан зардап шеккендерге үй салып, пәтерлер сатып алу міндеті тұрғандығын айтты. Табиғи апаттың барлық салдарын жою үшін бар күш жұмылдырылған.

«Былтыр Петропавлда 203 ескі жеке тұрғын үй сүрілді. Оның орнына «Жайлы мектеп», Копай шағын ауданында несиеге берілетін көп қабатты үй салынып жатыр. Соңғы 9 жылда облыс орталығында екі мыңға жуық үй бұзылды. Биылғы тасқын біздің жоспарымызды, бюджетімізді қайта қарауға мәжбүр етті. Біз төрт айдың ішінде су тасқынынан кейін апатты деп танылған 2029 үйді бұзып, шығаруымыз қажет. Оның 400-і сүріліп, орны тазаланды. Механикалық бригадалар жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек қосымша бөгеттерді салу, олардың жобалық құжаттарын жасау қолға алынды. Тасқынның салдарын толық бюджет есебінен жою мүмкін емес. Қазақстандағы ірі компаниялар Президенттің үндеуін қолдап, үлес қосып жатыр. Солардың қаржысына үйлер салынып, пәтерлер алыну үстінде. Инфрақұрылымды жөнге келтіріп жатырмыз. Бірінші су көтергіш станциясы бойынша тасқыннан кейін мәселе бар. Осы мақсатқа 3,5 млрд теңге қаражат таптық, биыл суық түскенге дейін бұл жұмыстың атқарылатынына уәде беремін. Петропавл бұрыннан бар, бірақ ешқашан қаланы сумен қамтудың қосымша көзі болмаған. Облыс орталығын сумен қамту жүйесінің резервтік көзін салу бойынша жоба жасалып жатыр, шамамен 2,9 млрд теңге қажет. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда, республикалық резервтен бөлінген қаражатқа жұмысты бастаймыз», - деді СҚО әкімі.

СҚО әкімдігі
Фото: СҚО әкімдігі

Кездесу соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері СҚО әкімінің Құрмет грамотасымен, алғыс хаттармен марапатталды.

Бұған дейін СҚО-да жоғалған бүлдіршіннің үйінен 5 шақырым жерден аман-есен табылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram