Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тағы 47 отбасы жаңа баспанаға кірді

отбасы
Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Бірлік» шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккен 47 отбасыға бүгін салтанатты түрде жаңа үйлердің кілті табыс етілді.

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келді. Мақсат – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан және жөнделген үйлердің сапасын көру. Сапар барысында зардап шеккен Бескөл ауылында, Петропавлдағы шағын аудандар болып, тұрғындармен кездесті.  

отбасы
Фото: СҚО әкімдігі

Кейін «Бірлік» шағын ауданында болып, көптің қуанышына ортақтасты. Бүгін тағы 47 отбасы жаңадан салынған баспанаға кірді.

«Бұрын Хромзауыт шағын ауданында тұрдық. Тасқыннан үйіміздің бір қабырғасы құлап қалды. Апатты деп, жөндеуге болмайтынын айтты. Енді қайда барамыз, далада қалдық деп уайымдадық. Бүгін қатты қуанып жатырмыз. Үй ұнады, жақсы. Отбасында алты жан бар. Жолдасым осы айдың соңында зейнетке шығады. Осы шаңырақта үлкен той болады», - дейді қоныс той иесі Ғалия Хамзина.

Жоспар бойынша «Бірлік» шағын ауданындағы үйлер 1 қыркүйекке дейін пайдалануға берілуі тиіс. 

отбасы
Фото: СҚО әкімдігі

«Бірлік» шағын ауданында 700 үй демеушілердің қаржысына тұрғызылады. 1300 баспананы сатып алатын боламыз. Қазірдің өзінде 300-ден астам үй-пәтер сатып алынды. Облыстық әкімдіктің қорында да, меценаттар бөлген қаражат жеткілікті. 1 шілдеге дейін жергілікті әкімдік баспана сатып алуға қатысты жұмысты аяқтайды. Ал құрылысы жүріп жатқан үйлер 1 қыркүйекке дейін салынып болады. Мәселе туындаған жағдайда 1 қазанға дейін үйлерді тапсырады. Сапасын бақылауда ұстау үшін комиссия құрылған. Мен ай сайын келіп, жағдайды біліп отырамын, тұрғындардан түскен әр шағым назардан тыс қалмайды. Жақында бұл шағын ауданға автобустар жүре бастайды. Аялдамалар салынады. Балабақша құрылысы жүріп жатыр. 1,5 км жерде мектеп бар. Келесі жылы ішіндегі жолдарға толық асфальт төселеді», - деді Қанат Бозымбаев.

Өңірде тасқын кезінде зақымданған ғимараттарды бағалау, үйлерді зерттеу жұмысы аяқталуға жақын. 

отбасы
Фото: СҚО әкімдігі

«СҚО-да 4 мыңнан астам үй су астында қалса, оның жартысы апатты деп танылды. Яғни жергілікті атқарушы билікке осынша үйді салу керек немесе сатып алу қажет. Екі мыңға жуық үйді жөндеп, қалпына келтіру міндеті де тұр. Бескөл ауылында бұған дейін мәселе болды, қазіргі уақытта ол шешілді. Бағалау дұрыс жүргізілмеген үйлерді мамандар қайта бағалады. Кейбіріне басқа үй алынатын болды. Бұдан бөлек электр желісін, инфрақұрылымды және сумен қамту жүйесін қайта қалпына келтіру жұмысы тұр. Қажетті қаражат бөлініп жатыр, әкімдік жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатыр. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттің шамасы жетпесе, республикалық қазынадан қаражат бөліп, көмектесеміз. Солтүстік өңірде жаз қысқа, сондықтан бұл уақытты тиімді пайдалануымыз керек», - деді Қанат Бозымбаев.

Естеріңізге салайық, 6 маусым күні «Бірлік» шағын ауданында бес аптаның ішінде бой көтерген үйлердің алғашқы 53-і салтанатты түрде тапсырылған еді. 

отбасы
Фото: СҚО әкімдігі
отбасы
Фото: СҚО әкімдігі
Соңғы жаңалықтар
telegram