Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге баспана салуға 30-ға жуық мердігер компания жұмылдырылған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге баспана салынып жатқан «Бірлік» шағын ауданында құрылыс қызған. Мамандар кестеден қалмау үшін жауынсыз әр ашық күнді тиімді пайдалануға тырысты. Өйткені үйлерді суық түскенше пайдалануға беру міндеті тұр.
«Бірлік» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге салынуы тиіс 700 үйдің барлығының іргетасы бүгінде құйылған. Осы күнге дейін 250-ге жуығы тапсырылды, бірер күнде тағы елу отбасы қоныс тойын тойламақ.
«Біздің міндетіміз – тұрғындарға бекітілген кестеге сай баспаналарды мерзімінде беру. Сол себепті де осы шағын аудан таңдап алынған еді, өйткені мұнда жол, су желісі тартылған. Құрылысқа қазақстандық өнім, соның ішінде жергілікті құрылыс материалдары қоланылып жатыр. Мәселен, газ блоктары петропавлда, кірпіш Қызылжар ауданында шығарылады. Сондай-ақ түрлі құрғақ қоспалар да жергілікті кәсіпорындардыкі. Өзімізде жоқ, негізінен металдан жасалған материалды еліміздің басқа өңірлерінен уақытында жеткізіп жатырмыз. Бұл да жұмыстың тез жүруіне септігін тигізеді. Ал сапасына келер болсақ, құрылыс алаңдарында техникалық, авторлық бақылау бар. Мамандар күнделікті осы жерде, құрылыстың барысын назарда ұстап отыр. Олқылық анықталған жағдайда мердігер оны жоюға міндеттеледі. Жалпы баспаналардың 2 кепілдік мерзімі бар», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Шитқанов.
Қазіргі уақытта баспана тұрғызуға 27 мердігер компания тартылған. Маманның айтуынша, «Бірлік» шағын ауданында жалпы 2,5 мың учаске болады, яғни тасқыннан зардап шеккендерден басқа Петропавлда жеке тұрғын үй салуға жер учаскесіне кезекте тұрғандарға да осы ауданнан 10 сотық беріледі. Жоба бойынша мектеп, балабақша, сауда орындары, гүлзарлар, аурухана бой көтереді.
90 орынға шақталған балабақша құрылысы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Нысанды «Мирас GROUP» ЖШС тұрғызып жатыр.
«Құрылыс алаңында 3 техника, 30-дан астам адам жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың қабырғасы қазір 60 % қаланды. Балабақша бір қабатты болады. Кестеден қалмай келе жатырмыз», - дейді учаске бастығы Фархат Сейпілов.