Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көктемгі су тасқынынан үйлері мен қора-жайлары су астында қалғандарға жалпы сомасы 40 млн теңге қаржылай көмек беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр

Қазақстанның Қызыл Ай қоғамы Болат Өтемұратов Қорымен бірге су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Қайырымдылық шарасы екі кезеңмен жүзеге асырылады. Петропавлда 136 отбасыға 23 млн астам теңге алған болса, енді 108 отбасыға 16 млн 350 мың теңге беріліп жатыр.

«Көмек картасы» жобасы Петропавлда екінші жыл қатарынан өткізілуде. Бұл қаражатты зардап шеккендер судан бүлінген үйлерін жөндеуге, мүлкін қалпына келтіруге жұмсайды. Алғашқы қажеттіліктегі тауар мен азық-түлік ала алады. Бұған дейін біз тұрғындардан арыздар қабылдап, жағдайларын бағаладық. Тізімді жасауға саяжай қоғамдастықтары, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары көмектесті», - дейді «Қазақстанның Қызыл Ай Қоғамы» СҚОФ директоры Сәуле Оразова.

«Көмек карталарын» жоба ережесіне сай баспаналары зақымдалған адамдар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызілікті аналар мен тұрмысы нашар көп балалы отбасылар алады.

Сәуле Оразованың айтуынша, Петропавлда бұл жолы жәрдемақы алғандардың ішінде 9 баласы бар отбасылар да болды. Қаражат әр отбасы мүшесіне 50 мың теңгеден берілді. Филиал директоры жәрдемақы оларға жақсы көмек болады деген үмітте.

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр көктемде 284 адамға 8 млн 520 мың теңге берілді. Биыл Қор тасқын судан зардап шеккен 791 адамды қамтып, 40 млн жуық теңгені үлестірмек.