Петропавлда техникалық қызмет көрсету орталығы өртенді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда аумағы 450 шаршы метр болатын техникалық қызмет көрсету орталығы өртеніп, жүк көлігіне зақым келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 2 наурыз күні түнде болған. «101» қызметіне Проселочная 2 А мекен жайындағы техникалық стансаның жанып жатқандығы жөнінде хабар сағат 21.08 минутта түседі. Өрт сөндірушілер жеткенде ғимарат отқа оранған.
Өртті сөндіруге Петропавл қаласының бес өрт сөндіру бөлімшесі жұмылдырылды. Нәтижесінде сағат 23.23 өрт толығымен сөндірілді.
Мамандардың айтуынша, техникалық қызмет көрсету орталығының жалпы аумағы 450 шаршы метр, оның 220 шаршы метрі зақымдалды. Жапсарлас салынған нысан, ғимараттың шатыры толығымен жанып кетті. «ГАЗ-53» жүк көлігіне зақым келді.
Мамандардың жедел қимылының арқасында стансадан 2 оттегі баллоны және 2 КАМАЗ машинасы шығарылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрт пешті дұрыс қолданбаудан шығуы мүмкін.