Петропавлда техноэкопарк жобасы қолға алынады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Экологиялық мәселені шешу мақсатында Петропавлда техноэкопарк салу жоспарланған.

Бұл – «Радуга ЖШС-нің бастамасы. Петропавл қаласының әкімдігімен келісіліп, Мамлют ауданы Якорь елді мекені бағытында арнайы учаске де бөлінді. Нәтижесінде бұл жерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен дайын өнім шығаратын қоқысты өңдейтін зауыт бой көтермек.
- Біздің компания 15 жылдан артық қоқысты – полимер мен макулатураны өңдеумен айналысады. Бірақ біз үнему даму жолындамыз. Жаңа жоба өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Өйткені облыста талапқа сай келетін полигондар мен қоқысты өңдейтін зауыттар жоқ. Жобалық-сметалық құжаттаманы алдағы жарты жылдың ішінде әзірлейміз, - дейді компания директорының орынбасары Дәурен Қатранов.
Техноэкопарк құрамына дәретхана қағазы, майлықтар мен сүлгілер шығаратын фабрика, картоннан әзірленетін бұйымдар фабрикасы мен металл-пластикалық бұйымдар зауыты да кіреді. Жобаның құны – 37 млрд теңге. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылмақ.
- Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы өңірдің әлеуметтік және экономикалық жағдайына әсер етеміз. Техноэкопарк ашылған жағдайда қосымша 500 адам жаңадан жұмысқа қабылданады. Осылайша компания жұмысшылар санын 2,5 мыңға жеткізеді. Сондай-ақ қоқыс қалдықтарын азайтуға, ауа мен топырақтың сапасын жақсартуға, салық түсімдерін арттыруға бағытталған, - дейді Дәурен Қатранов.
Бұған дейін Петропавлда Гиннес рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ұзын көше жаңғыртылатынын жазған едік.