Петропавлда түнде серуендеген 52 жасөспірім полицияға жеткізілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қаңтар айында түнде көшеде ересектерсіз жалғыз жүрген 52 жасөспірім полицияға жеткізілген, олардың 62 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдердің қауіпсіздігі және олардың тарапынан болатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырылады.
Тек қаңтарда петропавлдық ювеналдық полицейлер 13 профилактикалық рейд жүргізген. 90 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 62-сі түнде бейсауат жүрген жасөспірімдердің заңды өкілдері. Рейдтік іс-шаралар барысында 52 бала ішкі істер органдарына жеткізілді. Біреуі ішкі істер органдарына есепке алынды. Сондай-ақ, қаңтарда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар балаларды тәрбиелеуде міндеттерін орындамағаны үшін бір ата-ананы анықтап, тіркеді. Бүгінгі таңда осындай 110 отбасы есепте тұр.
«Ювеналдық полицияның мектептегі инспекторлары бүгінде 24/7 режимінде оқушылар және олардың ата-аналарымен байланыста болуға тырысады. Карантиндік шаралар, қашықтан оқу тәртіп сақшыларына қосымша салмақ түсірді. Егер бұрын инспекторлар балалармен күн сайын кездессе, қашықтан оқыту кезінде жасөспірімдер көбіне өздерімен-өздері болады. Бұл қылмыс пен құқық бұзушылықтың қаупін арттырады. Ата- аналардың, полиция қызметкерлері мен мұғалімдердің ортақ міндеті –уақытында байқау, шаралар қабылдау және балаларды теріс жолға түсуден қорғау», - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.
Петропавлдың ювеналдық полицейлері мұғалімдер сияқты конференциялық сабақтарға жүйелі түрде қосылып, балалармен құқықтық тақырыпта дәрістер мен әңгімелер өткізеді. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар қалалық оқушыларға арналған 330-дан астам онлайн сабаққа қатысты.