Петропавлда тұрғын үй өртеніп, екі адам зардап шекті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы Жұмысшы кентіндегі жеке тұрғын үйде болған өрттен ер адам мен әйел күйік алып, жарақаттанды.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін «101» жедел арнасына сағат 5.52 минут кеткенде Петропавлдағы Матвеев көшесіндегі жер үйдің өртеніп жатқандығы туралы хабар түскен.
Оқиға орнына облыс орталығының екі өрт сөндіру бөлімінің 16 маманы мен 4 техникасы жіберілді. Өрт сөндірушілер келгенде үйдің кіреберіс бөлмесі отқа оранып үлгерген екен.
Таңғы сағат 7.00-ге жақын өрт толығымен сөндірілді. Жалын 30 шаршы метрді шарпыған. Баспананың кіреберісі, үйдің төбесі мен шатыры зақымданды. Үйді өрт сөндірушілер аман алып қалды.
Оқиға орнында болған екі адам – 45 жастағы әйел мен 40 жастағы ер адамды күйік шалды, аздаған жарақат алды, алайда өмірлеріне келер қауіп жоқ. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілді.
Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.