Петропавлда тұрғын үйден өрт шығып, 87 адам қауіпсіз жерге шығарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерден өрт шықты. Үйдің иесі ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда тұрғын үйден өрт шығып, 87 адам қауіпсіз жерге шығарылды

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға бүгін түнде болған. Сағат 1.42 минут кеткенде 101 телефон нөміріне Болатбаев көшесіндегі 32-үйдің 9-шы қабатындағы пәтерден өрт шыққандығы жайында хабар түседі.

Бірден Петропавлдағы № 2, № 3 өрт сөндіру бөлімшелері жеке құрамынан 24 адам, 6 техника жұмылдырылды. Екі жедел жәрдем көлігі экипажы, тәртіп сақшылары жетті.

Тоғыз қабатты үйде 144 пәтер бар. Өрт екінші подъездің 9-қабатында шығыпты. Мамандар 87 адамды, соның ішінде екі баланы қауіпсіз жерге шығарды. Жанып жатқан пәтерден екі адам – 1960 жылғы үй иесі ер адам және оның 1959 жылы туған әйелі құтқарылды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ер адам ауыр халде 3 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Өрт сағат 2.19 минут кеткенде толық сөндірілді. Пәтерге айтарлықтай зақым келді, дүние-мүлік, үй иелерінің жеке заттары жанып кетті. Қазіргі болжам бойынша, отты абайсыз пайдалану себеп болған.