Петропавлда тұрғын үйден өрт шыққанда ер адам лифтіде қалып қойған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 9 қабатты үйден өрт шығып, бір тұрғынның денесінің 75% күйік шалса, тағы бір адам лифтіде қалып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Абай көшесі, 59 мекенжайындағы 9 қабатты үйде өрт шыққандығы жөнінде хабар сағат 16.13-те түскен.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 6-қабаттағы 2 бөлмелі пәтердің жанып жатқанын анықтаған. Үй кіреберісінің жоғары қабаттары қою түтінге оранған.

Өрт сөндірушілер жалынмен күресе жүріп, сатымен 78 адамды, соның ішінде 18 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Тағы екі адамды өлімнен құтқарып қалды.


47 жастағы ер адам - екінші топтағы мүгедек құтқарушылар келгенде пәтерінде ес-түссіз, ауыр халде жатқан. Денесінің 75% күйік шалған ол ауруханаға жеткізілді.

Құтқарылған екінші адам өрт басталғанда лифтіде болған. Электр қуаты өшкен кезде 7 мен 8-қабаттардың арасында шыға алмай, қалып қойған. 35 жастағы ер адамды өрт сөндірушілер аман-есен лифтіден шығарды. Оған медициналық көмектің қажеті болмады.


«Қою түтінге байланысты ер адамның өміріне қауіп төнді. Сол себепті лифтің есігін бұзуға тура келді. Саңылау арқылы оған қысылған ауа бар құтқару капюшонын бердік. Алып шыққанша дейін ер адаммен психологтар жұмыс істеді. Лифтіден шығарғанда жағдайы жақсы болып, ауруханаға барудан бас тартты. Адамдарды қауіпсіз жерге шығару үшін автосатыны қолдана алмадық. Көпқабатты үйдің ауласында автокөліктердің көптігінен бос орын болмады», - дейді № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесі бастығының орынбасары Марат Нұрғалиев.

Сағат 16.38-де өрт толығымен сөндірілді. Тілсіз жаумен күреске 26 маман және 8 техника жұмылдырылды.

Алдын ала болжам бойынша, зардап шеккен ер адам төсегінде жатып шылым шеккен.


Соңғы жаңалықтар