Петропавлда үш адамның қанын мойнына жүктеген ер адамға сот үкімі шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда әйелі мен өгей баласын және інісін өлтіріп, өртеді деп айыпталған Александр Канищев сотталды.

«ХАС» қаржы пирамидасының негізін қалаушылар алаяқтық үшін сотталды
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралып, бүгін ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Александр Канищев сот залында өзін видео, фотоға түсіруге рұқсат бермеді.

- 1998 жылы туған, СҚО тумасы, некеде тұрмаған, орта білімі бар, әртүрлі жұмыс істеген Александр Канищев ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтары (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру және айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлігі (Жас баланы өлтіру) ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (Тонау) бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Бұған дейінгі ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі шектеудің орнына ол сот залында қамауға алынып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен емделеді. Бұдан бөлек Канищевтен сот сараптама шығындарын – 2 млн 748 мың теңге және зардап шегушілерге 30 АЕК немесе 118 мың теңге өтемақы өндірілсін, - деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріпов.

Естеріңізге салайық, оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде болған. Канищев анасының үйінде өзімен азаматтық некеде бірге тұратын келіншекпен жанжалдасып, оны өлтіруге ниеттенеді.

Айыптау қорытындысы бойынша, Канищев әйелінің кішкентай қызын көтеріп, өз бойымен бірдей биіктіктен кіреберістің еденіне алып ұрған. Алған жарақаттарынан бала сол жерде қайтыс болды. Әрі қарай ол әйелдің қылмыстық жауапкершілікке тартамын деген қоқан-лоқысынан қорқып, оны өлтіру үшін аузы-мұрнын жауып, тұншықтырған. Есінен танып қалған келіншекті өлді деп ойлаған. Бұдан кейін оқиғаға куәгер кәмелет жасына толмаған інісін де тұншықтырып өлтіреді.

Канищев үш адамның өлімін жазатайым оқиға ретінде көрсетіп, өз қылмысын жасыру мақсатында кіреберіс бөлмеге от қойған. Салдарынан әйел иіс тиіп, уланып көз жұмды. Канищев өртке қатысы жоқтығын көрсету үшін үйдің терезесін сындырып шығып, көмекке шақыра бастаған.

Тергеу барысында оның 2021 жылы Петропавлда пәтерлердің бірінде туған күнде болып, танысының курткасының қалтасынан 20 мың теңге ақшасы бар әмиянды ұрлап кеткені де анықталды.

Ал былтыр күзде алқабилер алқасының үкімімен Канищев кінәсіз деп танылып, сот залынан босатылған еді. Прокурорлардың аппеляциялық шағымынан кейін іс қайта қаралды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Петропавлдағы Байболов көшесі 51-үйдің тұрғындары баспаналарының қазіргі жағдайына шағымданып, көмек сұрағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар