Петропавлда үш көпқабатты үйді газсыз қалдырған көлік жүргізушісі жазаланды

Петропавлда үш көпқабатты үйді газсыз қалдырған көлік жүргізушісі жазаланды
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Петропавлда көлігімен газ құбырын іліп әкетіп, салдарынан бірнеше күн көпқабатты үш үйді газсыз қалдырған көлік жүргізушісіне қатысты сот шешім шығарды, деп хабарлайды Kazinform. 

Естеріңізге салайық, 5 қараша күні сағат 9.30 шамасында пластикалық терезелерді монтаждаумен айналысатын ұйымға тиесілі «Газель» автокөлігінің жүргізушісі Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесі, 292 мекенжайындағы үйдің газ құбырын сырып өткен. Апаттық жағдайға байланысты осы көшедегі 290, 292, 294 мекенжайындағы үш үй бірнеше күн бойы газсыз отырды. Сондай-ақ құлаған құбыр сол жерде тұрған көлікті зақымдаған. Осылайша «Горгаз-сервис» ЖШС-ге және жеке тұлғаға материалдық шығын келтірілді. 

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған соты осы фактіге қатысты істі қарады. Жолда жүру қағидасын бұзған жүк көлігінің жүргізушісі кінәсін мойындады. Ер адам келтірген шығынды толығымен өтеп, тұрғындарға сұйытылған газ беру жұмысы қалпына келтірілді.

Сондай-ақ жолда жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, оған 69 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Соңғы жаңалықтар