Петропавлда үш күн ішінде үйсіз-күйсіз жүрген 217 адам анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер үйсіз-күйсіз жүрген 217 адамды үш күн ішінде қабылдап-тарату орнына жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда үш күн ішінде  үйсіз-күйсіз жүрген  217 адам анықталды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қаңғыбастарды анықтап, олардың тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін полицияның қабылдау-тарату орнының қызметкерлері жиі рейдке шығады. Олар қаңғыбастар көп шоғырланатын аулаларды, гараж кооперативтерін, вокзал маңы алаңын тексереді. Сондай-ақ қалалықтардан түскен хабарламалар бойынша да жұмыс істеп, шақыртуға барады. Жыл басынан қалалық қабылдау-тарату орнына 800-ден аса тұрақты мекенжайы жоқ адам жеткізілді.

Мамандардың айтуынша, қыстыгүні үй-күйі жоқ адамдар жылы үй-жайға өздері келіп, орналасуға тырысса, ал жаздыгүні керісінше қолға түспеуді мақсат етеді. Қаңғыбастар балкондардың астында, құбырларда, көпқабатты үйлердің аулаларында, қоқыс салатын бактардың маңында түнеп, күнелтеді.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ мас адамдар қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, қалалықтардың денсаулығына қауіп төндіреді. Полицейлердің мобильді тобы күн сайын оларды жинап, қабылдау-тарату орнына жеткізеді.

«Фото-видео есептер, саусақ іздерін алу, іздеудегі қылмыскерлер мен із-түссіз жоғалғандар базалары бойынша тексеру – үй-күйі жоқ адамдармен жүйелі жұмыс жиі нақты нәтиже береді. «Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлға» үш күндік жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұрлық пен бұзақылық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген екі қаңғыбас анықталды. Екеуі де қалалық полиция басқармасының тергеу бөліміне тапсырылды», - дейді Петропавл қалалық ПБ қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайыл.

Жалпы, «Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлға» іс-шарасын өткізу нәтижесінде үш күн ішінде қабылдау тарату орнына 217 адам жеткізілді, 14 адам «Тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлға» санаты бойынша қамалды. 366 адамға дактилоскопия жасалды, фото есепке 271 адам, видео есепке 315 адам қойылды.