Петропавлда үш жасөспірім мұз қалашықты қиратқан
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тәртіп сақшылары мұз қалашығын бұзған үш жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 қаңтар күні кешке облыс орталығының 12 мен 14 жастағы кәмелетке толмаған үш тұрғыны Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан мұз қалашығындағы мұздан жасалған бірнеше мүсінді сындырған.
Полиция қызметкерлері бейнекамера көмегімен бұзақы балаларды анықтап, Петропавл қалалық полиция бөліміне жеткізді.
«Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік материал жиналды, осы баппен ата-анасына 7 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынуы мүмкін. Құқық бұзушылық бойынша материал Петропавл қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының қарауына жіберілмек.

