Петропавлда волейболдан ел чемпионатының төртінші туры мәресіне жетті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ ҚР чемпионатының төртінші тур ойындары аяқталды.
Соңғы күні орталық матчта Өскеменнің «Берелі» Түркістанның «Тұранын» 3:0 (25:17, 25:23, 25:22) есебімен жеңіп, қорытынды кестеде 56 ұпаймен екінші орынға ие болды.
Түркістандықтар төртінші сатыда қалды.
«Қарағандыны» күткендегідей, 3:0 (26:24, 25:15, 25:21) есебімен қапы қалдырған «Қуаныш» (СҚО) 63 ұпаймен көш бастады.
«Жетісу» тағы бір талдықорғандық «Айқаракөз» клубын 3:0 (25:7, 25:17, 25:17) ұтып, 53 ұпаймен үздік үштікке ілікті.
Бесінші орындағы «Алматы» Өскеменнің «Алтайынан» 3:0 (25:15, 25:9, 25:11) есебімен басым түсті.
Осылайша «Айқаркөзден» басқа үздік сегіз команданың плей-офф кезеңінде өзара кімдермен кездесетіні белгілі болды.
Атап айтқанда, «Қуаныш» 8-орын алған «Алтаймен», «Берел» «Қарағандымен», «Жетісу» Павлодардың «Ертісімен», «Тұран» «Алматымен» күш сынасады.
Плей-офф бәсекелері Түркістан қаласында өтіп, чемпионаттың жеңімпаз-жүлдегерлері анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатының плей-офф сатысына шыққандар анықталғанын жазған болатынбыз.