Петропавлда «Volkswagen Passat» көлігі 39 жастағы әйелді қағып кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы көшелердің бірінде жеңіл көлік жүргізушісі абайсызда 39 жастағы әйелді соқты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда «Volkswagen Passat» көлігі 39 жастағы әйелді қағып кетті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 9 қыркүйек күні сағат 8.30 шамасында болған. Петропавлдағы Сәтбаев көшесіндегі реттелмеген

жүргіншілер өткелінде «Volkswagen Passat» көлігі 1981 жылы туған әйелді соққан. Зардап шегуші 3-інші қалалық ауруханаға жатқызылды.

57 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны жаяу жүргіншіге жол бермей, қағып кеткен. Аталған факті бойынша әкімшілік материал жиналды.Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

«Жолдағы қауіпсіздікке түрлі факторлар – жол жабындысынан бастап, көру жағдайына дейін әсер етуі мүмкін. Алайда жол қозғалысына қатысушылар жолда жүру ережелерін қатаң сақтауы керек. Жүргіншілер жолағына, көше қиылыстарына келгенде жүргізушілер жағдайды бағамдап, дұрыс шешім қабылдап үлгеру үшін жылдамдықты азайтулары қажет», - дейді СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Жалпы жыл басынан СҚО жолдарында жүргіншілерді соққан 31 жол- көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 6 адам қаза тапса, 29-ы дене жарақатын алды. 12 жағдайда жүргіншілер жолағынан өту ережелері сақталмаған.