Петропавлда зейнеткерлерді алдап келген ер адам 4 жылға сотталды

Петропавлда алаяқтықпен айналысып, зейнеткерлерді алдап келген ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Kazinform. 

Петропавлда зейнеткерлерді алдап келген ер адам 4 жылға сотталды
Фото: лмиллиона долларов в Ал uralskweek.kz

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, жұмыс іздеген 34 жастағы Петропавл тұрғыны Telegram мессенджерінде толық емес жұмыс күні туралы хабарландыруды көреді. Қызығушылық білдірген оған белгісіз адам алаяқтықпен айналысуды ұсынған.

Қылмыстық топ көбіне зейнеткерлерге жақын туысы болып хабарласып, жол-көлік апатына түскенін айтып, мәселені шешу үшін қомақты сома сұрайды.

Зардап шеккендердің бірі – Петропавлдың 78 жастағы тұрғыны. Зейнеткерге қызының жол-көлік оқиғасына ұшырағаны туралы қоңырау тамыз айының соңында келіп түскен. Телефон тұтқасынан көмек сұраған қызының даусын естіген әйел абдырап қалған. Кейін оған өзін «прокурормын» деп таныстырған басқа әйел мәселені шешу үшін 1 млн теңге қажет екенін айтқан. Зейнеткер бар-жиған тергенін курьерге, яғни «дропперге» ұстатып жіберген.

Сотталған Ж. осындай жәбірленушілерден ақшаны алып кетіп, оны белгілі бір реквизитке аударып отырған.

Мәселен, 2023 жылдың тамызында алаяқтар үш зейнеткерді құрыққа түсіріп, жалпы сомасы 3 млн теңгені қалтаға басқан.

Айыпталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін білдірді. Сот оның кішкентай баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерді.

Осылайша оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Зардап шеккендерге келтірілген шығынды Ж. толығымен өтеуі тиіс.