Петропавлда жаңа оқу жылында түзету мектеп-интернаты есігін айқара ашпақ
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда мүгедектігі бар балаларға арналып салынып жатқан жаңа мектеп-интернат қаладағы орын жетіспеушілігі мәселесін шешпек.

Арнайы түзету мектеп-интернаты Петропавлдағы «Береке» шағын ауданда орналасқан. Мердігер компания өкілдерінің сөзіне қарағанда, нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылыс барысымен «AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері танысып шықты.

Жаңа мектепті жергілікті «Зерттеу СК» компаниясы салып жатыр. Қазір нысан 50% дайын. Онда 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Қазіргі уақытта ғимараттың қасбетін уақытында аяқтау ерекше назарда тұр.
«Бүгінде нысанның қасбеті салынып жатыр. Алайда кестеден кешігіп жатырмыз. Бұған дейін 4 бригада жұмыс істеді. Қазір іске бесіншісін қостық. Жалпы 30-ға жуық азамат еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ, ішкі әрлеу және инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізіледі. Жақында өртке қарсы дабыл жүйесі орнатылады», - деді учаске бастығы Есенгелді Көкішев.
Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сыртқы және аумақты абаттандыру жұмыстары басталады. Алайда мұнымен басқа компания айналысады. Нысанның жаңа оқу жылына дайын болуын мониторингтік топ қадағаламақ.

Қазіргі уақытта Петропавлдағы №2 арнайы мектеп-интернаты 111 оқушыға шақталған. Алайда бүгінгі күні оқу ордасында 191 бала оқып жүр. Жаңа мектеп-интернат бұл мәселені шешпек.
Жаңа мекеме 300 оқушыға шақталған, 50 орындық интернаты болады. Мұнда 39 оқу кабинеті, кітапхана, тар бейінді маман-дәрігерлерге арналған кабинеттер, спортзал, ойын, душ бөлмелері, кір жуатын орын, автотұрақ және т.б. болады. Мұның бәріне 2,4 млрд теңге бөлінді.