Петропавлда мереке қарсаңында жаңа балабақша ашылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Береке» шағын ауданында 140 орынға шақталған жаңа балабақша пайдалануға берілді. 

Петропавлда жаңа жыл қарсаңында жаңа балабақша ашылды
Фото: СҚО әкімдігі

«Береке» шағын ауданы кейінгі жылдары үлкен құрылыс алаңына айналған. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, көптеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Халық саны артқандықтан балабақшаға деген сұраныс та пайда болды.

- Осы күнге дейін ауданда балабақшаның жетіспеушілігінен барлық бала қамтылмады. Ата-аналар бүлдіршіндерді қаланың орталығына апаруға мәжбүр болды, бұл қолайсыздық туғызды. Енді бұл мәселе шешілді, балақайлар үйдің жанындағы заманауи балабақшаға барады. Жаңа балабақшада балалардың жайлы болуына барлық жағдай жасалған. Ғимаратта лифт бар, тіпті балалардың аяқ киімі мен қолғабын кептіретін аппарат та қойылған, - деді жаңа нысанның ашылу салтанатында болған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Петропавл
Фото: СҚО әкімдігі
Петропавл
Фото: СҚО әкімдігі

Балабақшада тәрбие екі тілде жүргізіледі. Бүлдіршіндерді дамыту үшін бар жағдай жасалған. 
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, соңғы рет бюджет есебінен өңірде балабақша 8 жыл бұрын салынған. Бұл биыл ашылған осындай екінші нысан. Қазан айында «Бірлік» жаңа шағын ауданында демеушілердің қаржысына балабақша салынды.

Петропавл
Фото: СҚО әкімдігі
балабақша
Фото: СҚО әкімдігі

Ал «Жас Өркенде» Үкіметтің арнайы мемлекеттік қор есебінен жаңа балабақша салынады.
Қазір 2-6 жастағыларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту - 96%.

Бұған дейін Петропавлда волонтерлер аналар үйі тұрғындарын мерекемен құттықтағанын жазған едік.