Петропавлда жаңа жобалар үшін 128 млрд теңгенің келісімшарты жасалды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Бүгін Петропавлда «Qyzyljar Investment Forum-2024» халықаралық инвестициялық құрылыс форумы өтті. Оған ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, бизнес-қауымдастықтардың, отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, халықаралық форумде құрылыс саласына ерекше басымдық берілді. 2021 жылдан бастап өңірде құрылыс көлемі 70 % өскен. Петропавлда тұрғын үй құрылысы, жөндеу, коммерциялық тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени, білім беру және құрылыс нысандары бағдарламаларын іске асыру жобаларын қарастыратын егжей-тегжейлі қала жоспары да бекітілген. Аймақ заманауи коммерциялық тұрғын үй салу және әлеуметтік нысандар тұрғызу үшін инвесторларды қабылдауға дайын.

Бүгінгі таңда өңір экономикасының 15%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Өңір кәсіпорындары мұнай-газ және энергетика саласына арналған өнімдерді, электртехникалық бұйымдарды, ауыл шаруашылығы техникасын шығарады.
Былтыр облыстың өнеркәсіп саласы 647 млрд теңгенің өнімін шығарды. Десек те, СҚО-да экономиканың негізі – ауыл шаруашылығы, республикадағы өндірістің 10 % өңірге тиесілі. Бүгінде «елдің сүт белдеуін» құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Қазақстандағы әрбір екінші сүт-тауар фермасы осы өңірде салынып жатыр.

Сонымен қатар облыста индустриялық-аграрлық экономикаға көшу жұмысы жалғасып жатыр. 3 жыл ішінде СҚО-ға шетелдік 15 жаңа компания келді. Инвесторлар үшін «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Ол республика бойынша соңғы құрылған, қазіргі уақытта оның аумағында 4 компания өз өнімдерін шығарып жатыр. Олар: «Claas» ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын неміс концерні, Петропавл электр техникалық зауыты, «ҚАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты, тіркеме және аспалы техника жасайтын «Reimann» компаниясы.
Бұдан бөлек тағы 16 компания құны 632 млн АҚШ доллары болатын инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындарын құрады.
Халықаралық форум аясында жалпы құны 128 млрд теңге 14 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Оның үшеуі Петропавл қаласында қолға алынады деп жоспарланған.