Петропавлда Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында бүгін бас шыршаның шамы жағылды. Биыл да облыс орталығын мейрамға орай безендіруге жергілікті бюджеттен қаражат жұмсалмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа жыл мейрамының басты атрибуты – Петропавлдағы ең үлкен шырша Тұңғыш Президент саябағында орналасқан. Шырша шамын жағу салтанатына күннің суығы мен боранға қарамастан адам көп жиналды. Ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақша қар халықтың көңілін көтеріп, мерекеге келген халыққа би билетті, ойын ойнатты. Жылдағы дәстүр бойынша Аяз ата шыршаның шамын жағып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Петропавлда үшінші жыл қатарынан қаланы жаңа жылдық безендіруге жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Бұл - облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасы. Былтырғы шырша биыл қайта құрылып, енді мерекенің шырайын кіргізбек.
«Биыл мұз қалашықтары өткен жылмен салыстырғанда әжептеуір көп болады. Бұл – балалардың қысқы демалысын қызықты өткізулері үшін жасалып жатыр. Сырғанақтарды «Петропавл Коммунхоз» ЖШС әзірледі. Ал шағын архитектуралық мүсіндерді колледж оқушылары қалыпқа келтіруге көмектесті. Безендіруге демеушілік жасаған азаматтар да бар», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.
Асқар Хабибулиннің сөзіне қарағанда, Петропавл қаласында тағы екі ықшам ауданда шырша безендірілмек. Ал бүгінгі іс-шара мерекелік концертке ұласып, отшашумен аяқталды.