Петропавлда жатақханада синтетикалық есірткі сатып келген әйел ұсталды

Петропавл
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Петропавлдың 47 жастағы тұрғыны жатақханадағы бөлмесінде синтетикалық есірткі сатты деген күдікпен ұсталды. Енді ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform. 

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті әйел облыс орталығындағы жатақханалардың бірінде есірткі сатып қана қоймай, оны сол жерде қолдануға рұқсат берген. «Бизнесті» төртінші сыныпта оқитын, өзімен тұратын қызының көзінше жүргізген. Полицияға бұл жағдай туралы көршілері хабарлаған екен. 

Петропавл
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ақпаратты тексерді. 47 жастағы қала тұрғыны «тұз» деген атаумен белгілі α-PvP есірткісінің төрт түйіншегімен ұсталды.

«Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Баптың санкциясы 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Күдікті күзетпен қамауға алынды», - дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Қыз бала қазір әжесімен тұрып жатыр. Зейнеткер жиенін жақында қамқорлығына алуды жоспарлап отыр.

Жалпы, СҚО-да 11 айдың ішінде есірткі өткізудің 104 фактісі тіркелді.

Соңғы жаңалықтар