Петропавлда жедел жәрдем көлігі аударылып қалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлдың орталық көшелерінің бірінде жедел жәрдем көлігі бір бүйіріне аударылып, жекеменшік медицина орталығының ауласынан бір-ақ шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петропавлда жедел жәрдем көлігі аударылып қалды

Жол-көлік оқиғасының суреттері әлеуметтік желіде тарап кетті. Апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Ол кезде машинада пациенттер болмаған.

Жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң ол үйіне жіберілді.

«УАЗ-3962 көлігінің 54 жастағы жүргізушісі Назарбаев көшесімен келе жатып рөлге ие бола алмай қалған. Сөйтіп қоршауды соғып, медицина орталығының дәл алдына барып аударылған. Сараптама қорытындысына сенсек, жүргізуші алкоголь ішімдік ішпеген. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды» деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.