Петропавлда жедел жәрдемге жүгінетіндер саны екі есеге жуық азайды
Солтүстік Қазақстан облысы жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Владимир Жужговтың айтуынша, індет басталғанға дейін оларға күніне 400-ден астам қоңырау шалынатын. Шілде айында коронавирусты жұқтыру шарықтау шегіне жеткенде жедел жәрдем қызметінің жұмысы да көбейді. Тек 5 шілде күні Петропавл қаласында ғана 700-ден шақырту түскен.
«Бүгінде жағдай тұрақтанды. Тәулігіне көп дегенде 400-дей адам хабарласады. Тамыздың 1-і мен 13-іне дейінгі аралықты алатын болсақ жалпы шақыртудың 43%-ға кемігенін көреміз. Ал өкпенің қабынуы мен жедел респираторлы вирус инфекциясы бойынша шақырту 73%-ға азайды», - дейді Владимир Жужгов.
Облыстағы жедел жәрдем қызметінде қазір 31 арнайы көлік бар. Оның 17-сі Петропавлда, қалғандары аудан орталықтарында. Өңір бойынша бір тәулікте 40-қа жуық жедел жәрдем бригадасы кезекшілікке түседі.
«Жедел медициналық жәрдем орталығында қазір маман тапшылығы мәселесі жоқ. Материалдық база нығайтылып жатыр. Өкпені жасанды желдету аппараты, пульсоксиметр алынды. Ай соңына дейін автопарк 18 жаңа реанимобильмен толығады. Қалған 20-сы да көп ұзамай жеткізілмек», - дейді СҚО жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары.