Петропавлда жеке сектордағы өрттің алдын алу үшін қамыс шабылып жатыр
Петропавлда биыл қураған қамысты шабу жұмысы қолға алынды.
Өткен жылдың қателігін қайталамау үшін төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік бірге әрекет етуде.
«Өрт қауіпті кезеңнің алдында біздің мамандар жеке сектор тұрғындарымен, өнеркәсіп аймақтағы кәсіпорындар иелерімен кездесіп, алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қураған шөпті, қоқысты және тұрмыстық қалдықтарды жағуға тыйым салынғанын еске саламыз. Сондай-ақ, өрт шығу қаупі жоғары аудандарда жергілікті атқарушы биліктің көмегімен қураған қамысты шапқызып жатырмыз. Өрт бола қалған жағдайда тұрғын үйлерге тарамауы үшін кейін минералды жолақтар жасаймыз. Заңға қайшы елді мекен аумағында қураған шөп пен қоқысты жаққандарға әкімшілік жаза бар. Жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Даниэль Саркисян.
Былтыр кепкен шөпті жағудан үш ірі өрт тіркелді. Салдарынан тұрғын үйлерге зақым келді.
Ал қоқыс пен қураған шөпті жаққан 100 адамға айыппұл салынды.
«Өткен жылы Қапай шағынауданында рұқсат етілмеген қоқыс орнында өрт шықты. Жалын үш тұрғын үйге таралып, ол баспаналар толық жанып кетті. Айыппұл тұрағында өрт шықты. 6 көлік толық жанып кетсе, 4-уі зақымданды. Онда да біреулер кепкен шөпке от қойған. Хромзауыт шағын ауданында да өрт шығып, тұрғын үйлер, қора-қопсы жанды. Қамысты шабу жұмысы Береке, Хромзауыт шағын ауданында, өнеркәсіп аймағында, Заречный кентінде саяжайлардың маңында жүргізіледі. Өйткені былтыр «Ренет» саяжай қоғамдастығында кепкен шөпті жағудың соңы үлкен өртке ұласып, 200 саяжай учаскесіндегі үйлер, құрылыстар жанып кетті», - дейді Даниэль Саркисян.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспар бойынша 250 га аумақтың қамысы шабылмақ.
Әзірге Ойқала аумағында 20 адам жұмыс істеп жатыр.
