Петропавлда Жеңіс саябағы салтанатты түрде ашылды
Облыс әкімі Серік Біләлов өз сөзінде фашизмді жеңген Жеңіс күнінің ұлы тарихи маңызын, Отан тәуелсіздігі мен еркіндік үшін шайқасқан кеңес жауынгерлерінің батырлығы мен ерлігін атап өтті.
Аймақ басшысы бүгінгі таңда саябақта 200 қайың, шырша, қарағай көшеттерінің отырғызылғанына, сәулеттік ғимараттарды, Ұлы Отан соғысын кейіптейтін тарихи-жауынгерлік композицияларды абаттандыру мен жаңарту жұмыстары жүргізілгендігіне тоқталды.
Облыс әкімі облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардан, азаматтар атынан саябақтың жаңартылу жұмыстарына 23 миллион теңге бөлінгенін атап өтіп, шетте қалмай, көмектескендердің барлығына алғысын білдірді.
Бұнымен Жеңіс саябағының жаңартылуы мен құрылысы аяқталған жоқ. Алдағы уақытта аттракциондар мен спорттық, ойын алаңдарын салып, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Салтанатты ашылу шарасында Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Филиппенко, ҚР ІІМ ІӘ Петропавл әскери институты кафедрасының бастығы, полковник Болат Қожахметов, облыс орталығының бұрынғы, басшысы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Данияр Әбутәліпов сөз сөйлеп, облыс және қала тұрғындарының қорғаныс саласы мен басқа да кәсіпорындарында қызмет ете жүріп, Жеңіске қосқан үлестерін атап өтті.
Ескерткішке гүлдестелер мен гүл шоқтарын қойған соң облыс әкімі ардагерлерді киіз үйлердегі мерекелік дастарханға шақырды, ал тілек білдірушілер майдан асханасында дайындалған жауынгер ботқасынан дәм татты. Салтанатты шара барысында әскери институттың оркестрі мен әншілері соғыс жылдарындағы туындыларды орындады.