Петропавлда жоғалып кеткен 16 жастағы қыз табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының тәртіп сақшылары із-түзсіз жоғалып кеткен қызды тауып алып, туған-туыстарына тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда жоғалып кеткен 16 жастағы қыз табылды

Еске сала кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында 16 жастағы қызға іздеу салынғанын кеше хабарлаған болатынбыз. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, Петропавлда Кристина Масленникова 6 қазан күні үйінен шығып кеткен.

«Сейсенбі күні таңертең іздеуде болған қыздың қайда екені анықталды. Қазіргі уақытта ол туған-туыстарымен қауышты. Істің мән-жайы анықталу үстінде», - деп хабарлады бүгін СҚО ІІД баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, биылғы күзде Петропавлда бұған дейін де бірнеше рет жасөспірімдер жоғалған болатын. Жуырда ғана полицейлер бір күнде хабар-ошарсыз кеткен үш жеткіншекке іздеу салды. Қыркүйекте тәртіп сақшылары бес күн бойы туыстарымен байланыспай жүрген 17 жастағы студент қызды қайтарған еді.