Петропавлда жол салу барысында бюджетке 2 млрд теңге залал келтірген күдікті ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда автомобиль өтпе жолын салу кезінде 2 млрд теңгенің қолды болғаны анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.
Алайда, мердігер ұйым келісімшарт талаптарын орындау барысында жұмыс кестесінен жүйелі түрде кешігіп отырған. Тергеу деректеріне сәйкес, компания директоры тапсырыс беруші тараптың лауазымды тұлғаларымен сөз байласып, нақты орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәлімет жазылған актілерді рәсімдеуді ұйымдастырған.
Осы құжаттардың негізінде мердігер ұйымның есепшотына бюджет қаражаты заңсыз аударылған. Салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келген.
Сот санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды. Сонымен қатар, күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін Петропавлда теміржол үстінен жаңа автомобиль көпірі салынып жатқанын жазған едік.