Петропавлда Жұмысшы кенті мен қала орталығын қосатын автоөткел биыл қолданысқа беріледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда Жұмысшы кентімен қосатын көпірдің жүктемесін азайту мақсатында теміржол үстінен автоөткел салынып жатыр.

көпір
Фото: СҚО әкімдігі

Жаңа өткел Жұмысшы кентінің Универсал көшесі бойында салынып жатыр. Жоба құны 5 млрд теңгеден асады. Құрылысы 2023 жылы басталған маңызды нысан биыл пайдалануға берілмек. 
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов салынып жатқан автомобиль өткелінің құрылыс барысын көрді. 

- Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған маңызды инфрақұрылымдық нысан. Жоба тек қолданыстағы көпірдің жүктемесін азайтып қана қоймай, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіне балама кіреберіс жолды қамтамасыз етеді.

Құрылыс алаңында орындалған жұмыстарды көріп, мердігермен қазіргі міндеттерді талқылап, мерзім мен сапаның қатаң сақталуына назар аудардым. Жаңа нысан биыл қолданысқа берілмек. Көпір құрылысы қыста да жалғасады. Сонымен қатар, асфальтбетон жабыны, кірме жолдар, қалалықтардың ыңғайлығы үшін жаяу жүргіншілер жолағы және баспалдақ салынады, - деді өңір басшысы. 

көпір
Фото: СҚО әкімдігі

Жоба аясында Универсал және Кошевой көшелері де жөнге келтіріліп, кеңейтілмек. 

- Автомобиль өткелі және кірме жолдардың құрылысы салынып бітуге жақын. Шеткі және аралық тіректер қойылды. Инженерлік коммуникацияларды көшіру аяқталды. Төменде қиыршық тастармен нығайту жұмысы да қолға алынған. Қаржы бойынша да мәселе жоқ, - дейді мердігер компания директоры Рүстем Туржанов.

көпір
Фото: СҚО әкімдігі

Петропавлдағы Жұмысшы кенті мен қала орталығын қосатын қазіргі көпір 1961 жылы салынған, ұзындығы 125 метр. Автокөлік ағынының көптігінен өткел жылда қирап, жарықтар пайда болады.

Соңғы жаңалықтар