Петропавлда жыл басынан 120-ға жуық адам рульге мас күйде отырған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қаңтар айынан бері көлікті мас күйде тізгіндеген 115 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда жыл басынан 120-ға жуық адам рульге мас күйде отырған

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдік полиция жол қауіпсіздігін нығайту бойынша жол жүрісі ережесін өрескел бұзушылармен күресті күшейткен. Нәтижесінде жыл басынан жаяу жүргіншілерге басымдылық бермеудің 68 фактісі тіркелді. 2 автомобиль жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетсе, 887-і жылдамдықты асырды. Одан бөлек, 348 адам рөлде отырып телефонмен сөйлескен, 834-і қауіпсіздік белдігін тақпаған. Мас күйде көлік жүргізу ең өзекті мәселе болып отыр. Қаңтардан бері осындай 115 жүргізуші ұсталды.

«Мас күйде көлікті тізгіндейтіндерге қатысты заңнамамен қатаң шаралар қарастырылған: 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылулары мүмкін.

Медициналық куәландырудан бас тартқан жағдайда, жауапкершілік одан бетер қатаңдатылады. Мысалы, 20 ақпанға қараған түні Петропавлда «ВАЗ-21099» автомашинасын жүргізген 19 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол медициналық куәландырудан өту туралы полицейлердің заңды талабына көнбеген. Осы факті бойынша материал жинақталып, сотқа жіберілді. Бозбала қамауға алынуы және 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін», – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Жыл басынан бері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 7227 дерегі анықталды, бұл былтырғы жылға қарағанда 2 мыңға аз.