Петропавлда жыл басынан бері 34 маскүнем мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілген
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда туған-туыстары мен көршілеріне маза бермеген маскүнем он адам мәжбүрлі түрде емделуге наркология мекемесіне жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары маскүнемдерді соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеу үшін наркология мекемесіне жатқызды. Бұл – жыл басынан бері емделуге әкелінгендердің екінші легі.
Спирттік ішімдік ішуді жақсы көретіндер полицияның есебінде тұр. Ал олар мас күйде бірнеше рет заң бұзса, бұл мәжбүрлі емдеуге жіберуге негіз бола алады. Басқа жағдайда туыстарының өтініші керек, бірақ жақындары көбінесе олардың алкогольді тастаймын деп берген уәдесіне сеніп, өтінішін қайтарып алады.
Мамандардың айтуынша, алкоголизммен ауыратындар сендіргіш болып келеді, психологиялық қысым жасауға шебер. Осылайша, қала тұрғындарының бірі ағасын емдеуге жіберу үшін ең алдымен қарсыласқан қарындастарын көндіруге тура келген. Себебі маскүнем ағасы олар арыз жазса өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытып отырған. Тек ер адам мен учаскелік инспектордың бірлескен іс-әрекетінің арқасында ғана науқасты емделуге жіберуге мүмкін болды.
«Отбасыңда маскүнем болса берекең кетеді. Бір кездері ағамның жақсы жұмысы болды, элеваторда еңбек етті. Бірақ қазір бәрінен айырылған. Осындай жағдайға тап болғандардың бәріне табандылық танытуға кеңес беремін. Бұл шырғалаңнан шығудың жалғыз жолы – емдету», - дейді қала тұрғыны.
Мәжбүрлеп емдеуге жіберу үшін адамды науқас деп тану қажет. Тәуелділіктен арылуға ниеті болмаған адам медициналық комиссиядан өте алмайды. Сондықтан учаскелік инспекторға оны анализ тапсырту үшін кабинеттен кабинетке алып жүруіне тура келеді. Тек барлық материалдар жиналған соң ғана сот жарты жылдан екі жылға дейінгі мерзімге мәжбүрлеп емдеу үшін наркология мекемесіне жолдау туралы шешім қабылдайды.
«Шешім заңды күшіне енуі үшін бір ай керек. Осы уақытта учаскелік инспекторлардан да маза кетеді. Өйткені науқастар ішкілікке одан бетер салынып, құмарлыққа ерік береді. Мәжбүрлеп емдеу оның толық емделіп шығуына кепілдік бермейді, дегенмен ремиссия кезеңінде адам қалыпты өмірге оралуы мүмкін. Наркологияға осы жолы мәжбүрлі түрде емделуге жатқызылған 10 адамның үшеуі бұған дейін де жатып шыққан», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.
Жыл басынан бері Петропавл полицейлері 34 адамды мәжбүрлі емделуге жіберді.