Петропавлда жылу торабын жөндеуге 2 млрд теңге жұмсалмақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл жылу магистралінің үш учаскесі жаңғыртылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ПетропавлЖылуЖелілері» ЖШС бас инженері Виталий Холоша кәсіпорынның биылғы жылға жоспарларымен бөлісті.
«2020 жылы үш ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа шамамен 2 млрд астам теңге қаржы жұмсалмақ. Оның ішіндегі ең ірісі - № 15 жылу магистраліндегі қалпына келтіру жұмыстары. Советский көшесінде орналасқан тораптың Изтолин көшесінен Крепостной көшесіне дейін 1950 метрі жөнделеді. Нәтижесінде бұл учаскеде жылу қуатын аз жоғалтатын боламыз. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпорын өзінің 1 млрд теңгесін және Еуропа қайта құру және даму банкінен қарызға алынған қаражатты жұмсайды», - дейді Виталий Холоша.
Сондай-ақ, банктен алынған несие ақшаға Советский көшесіндегі № 7 жылу магистралінің Крепостнойдан Алтынсарин көшесіне дейінгі аралық – 1420 метр жөнделмекші. Жөнге келтірілетін үшінші учаске М.Жұмабаев көшесінде орналасқан. № 7-18 жылу торабының Алматы мен Пушкин көшелерінің арасындағы 412 метр құбыр ауыстырылады. Мұндағы жөндеу жұмыстарын кәсіпорын өз қаражатына атқармақшы.
«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорынның жылу желісі бүгінде 70,35 % ескірген.
«Жылумен қамту тарифіне енгізілген қаражат жеткіліксіз. Ол ақша, тіпті желіні қалыпты жағдайда ұстауға да жетпейді. Штаттық тәртіпте жұмыс істеу үшін жылына 25 шақырым құбыр ауыстырылуы керек. Ал қазіргі тарифпен біз оның жартысын да жаппаймыз. Сол себепті жылда құбыр ауыстырғанымызбен, желінің жалпы тозуы артпаса, кемитін емес. Өйткені, жүйені қалыпты деңгейде ауыстыру үшін екі есе көп қаражат керек. Ал оған тарифті көтермейінше қол жеткізу мүмкін емес», - дейді бас инженер.