Петропавлдағы «Биотоған» — сарқынды су жинақтағыш айналасындағы бөгет нығайтылып жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы сарқынды су жиналатын «Биотоғанның» айналасын қоршаған бөгет күрделі жөнделіп жатыр.

«Қызылжар су» ЖШС-нің мәліметінше, тоғанның айналасын ұзындығы 3,4 км болатын бөгет қоршаған. Бірақ уақыт өте келе ол біршама отырған. Сол себепті биыл нысанды күрделі жөндеу жобасы қолға алынды.
— Бүгінге дейін 2,7 км бөгет жобалық белгіге дейін көтерілді. Ол үшін 160 мың м3 топырақ, 6,5 мың м3 сары балшық қолданылды. Бөгеттің жиектерін су шаймауы үшін бетон плиталар қолданылып, бекітіледі, — делінген баспасөз хабарламасында.
«Биотоған» сарқынды су жинақтағышы Петропавлдағы негізгі коллекторлармен бірге 1953 жылы салынды. Ал айналасындағы бөгет 1968 жылы тұрғызылған.
— Петропавлдың кәріз желісіне ағынды суларды жинақтап, сақтайтын сарқынды су жинақтағышы кіреді. 2014 жылы республикалық бюджеттен жинақтағышты қоршаған бөгетті жөндеуге қажетті соманың 50%-ы бөлініп, игерілді. Бүгінгі күні осы жылғы су тасқыны жағдайын ескере отырып, бұрын жөнделген бөгеттің биіктігін өсіре отырып, аяқталмаған учаскені күрделі жөндеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жоба бөгетті нығайтуға, осылайша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бермек, — дейді кәсіпорын мамандары.
Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зақым келген сорғы стансасы 4 метрлік габионмен нығайтылып жатқанын жазған едік.