Петропавлда дәмхана демалушылары жанжалдасып, күдіктілердің бірі қару қолданды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ер адамды пышақтады деген күдікпен Петропавл тұрғыны ұсталды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстады.
Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталды, яғни Петропавлдағы дәмханалардың бірінде демалушылардың екі тобы дауласып қалып, арты жандалға ұласқан. Салдарынан бір адам пышақ жарақатын алып, облыс орталығындағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын бірнеше рет сотталған 27 жастағы Петропавл тұрғыны анықталып, ұсталды.
«Ұстау кезінде ол әлі де мас күйінде болды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды», - деді СҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.