Петропавлдағы мектептердің бірінде оқу озаттарына шәкіртақы төленеді

Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов атындағы № 43 орта мектептің үздік оқушылары ай сайын шәкіртақы алып келеді. Қазір оқу ордасында шамамен әр тоғызыншы бала – оқу озаты. Шәкіртақы алу үшін оқушылар басқа мектептен де ауысатын болған, деп хабарлайды Kazinform. 

Петропавлдағы №43 орта мектеп
Фото: Петропавлдағы №43 орта мектептен

Шәкіртақының мөлшері 3 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Оны 2-11 сыныптың оқу озаттары ала алады. Бастаманың авторы осы мектептің түлегі, қаладағы белгілі меценаттардың бірі.

«Оқушыларға шәкіртақы 2017 жылдан бері беріліп келеді. Нәтижесі керемет. Балалар сабаққа ден қойып, үнемі жоғары көрсеткіштерге ұмтылады. Бірінші жылы 69 оқу озаты болса, биыл шәкіртақы алатындардың саны 102-ге жетті. Тоқсанның қорытындысы бойынша бұл сан өзгеруі мүмкін. Оқуға деген ынта артқаннан кейін түрлі байқауларда да жетістігіміз жоғары. Мәселен былтыр 49 оқушы халықаралық, ал 56-сы республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлдегер атанды», - дейді Петропавлдағы № 43 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Галина Құсайынова.

Петропавлдағы №43 орта мектеп
Фото: Петропавлдағы №43 орта мектептен

Төленетін стипендия сомасы балалардың жас ерекшелігіне байланысты, қазіргі уақытта екінші сынып оқушысына 3 мың теңге берілсе, жоғары сынып оқушыларының шәкіртақысы 20 мың теңге. Жалпы шәкіртақы қоры 900 мың теңге.

«Бір үйден екі бала алатындар бар. Шәкіртақы алу үшін ауысып келген озат оқушылар да болды. Айдың соңында біз бала санын айтамыз, кәсіпкер қаржыны аударады, оны тізім бойынша оқушылардың ата-аналарына береміз», - дейді Галина Құсайынова.

Өткен оқу жылының түлектерінің ҰБТ-да орташа балы – 78,4 болған. 18 бала жоғары оқу орнына оқуға түссе, соның 14-і қазіргі уақытта грантқа оқып жатыр.