Петропавлдағы ірі сауда орындарында ресейлік шұжық пен өсімдік майының үлесі жоғары

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінде өңірдің сауда желілері мен базарларында сатылатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы мәселелері қаралды.

бөлшек сауда
gov.kz

СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, сауда орталықтарына отандық өнімді сөрелерге орналастыруға қатысты бірқатар талап бар.

«Отандық өнім тұрған сөреде «Қазақстанда жасалған» деген жазуы болуы тиіс. Сондай-ақ қазақстандық тауар азық-түлік сататын сауда алаңында және сөрелерде кемінде 30% алуы керек. Отандық өнім көзге көрінетін, қолжетімді жерде орналасады», - дейді Қанат Жеңісбекұлы.

Департамент нарықтағы отандық тауардың үлесін анықтау үшін Петропавлдағы ірі сауда орындарына мониторинг жүргізген. Оған «Aimer», «Семейный», «Magnum», және «Северный» сауда желілері қатысты.

«Қазақстандық сүт өнімдері – сүт, айран, ірімшік, қаймақтың үлесі «Aimer» сауда орталығында – 70%; «Семейный» – 47%; «Magnum» – 71%; «Северный» сауда орталығында 63% болды. Сары майдың бұл сауда желілеріндегі орташа үлесі 80% шамасында. Тауық еті бойынша да көрсеткіш жаман емес, негізінен отандық тауар саудаланып жатыр. Ал өсімдік майының үлесі - «Aimer» – 50%; «Семейный» – 66%; «Magnum» – 26%; «Северный» – 36%. Сол сияқты шұжық өнімдері де аз, «Aimer» – 36%; «Семейный» – 25%; «Magnum» – 43%; «Северный» – 33%», - дейді департамент басшысы.

Маманның айтуынша, азық-түлік тауарларын сату нарығын талдаудың нәтижесінде сүт өнімдері бойынша қазақстандық өнім - 62% алса, Ресейден әкелінген тауар – 36%, Беларусь өнімі 2% болған.

«Сары май бойынша Қазақстан өнімі - 79%, Ресей – 21%.

Шұжық өнімдеріне келер болсақ – қазақстандық үлес - 34%, Ресей – 60%, Беларусь - 6%. Тауық еті бойынша Петропавлда сатылып жатқан өнімнің 75% қазақстандық, қалғаны Ресейден әкелінеді. Күнбағыс майы бойынша Қазақстан үлесі 38%, қалғаны Ресейден жеткізіледі», - дейді Қанат Жеңісбекұлы.

Бұған дейін Петропавлда жауын салдарынан тұрғын үйлерге су кіргенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар