Петропавлдағы «сақалды» құрылыс: мәселе қашан және қалай шешіледі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда бірқатар құрылыс жобасы тиісті мерзімде берілмей, кешеуілдеп жатыр. Бірінде — қаржыландыру тетігі белгісіз, енді біріне — жеке құрылыс компанияларының жауапсыздығы мен заңбұзушылықтары себеп.

үй
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Осыған орай, біз Солтүстік Қазақстан облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевпен сұхбаттасып, өңірдегі маңызды құрылыс жобаларының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы ақпарат алдық.

— Қайролла Төлеуұлы, 2019 жылы Петропавлда құрылысы басталған облыстық көпбейінді аурухана 2022 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ әлі бітетін түрі жоқ. Құрылыстың тоқтауына не себеп? Мәселе қашан және қалай шешіледі?

— Иә, бұл — өңір үшін өте маңызды нысан. Облыстық көпбейінді аурухана 480 орынға есептелген. Құрылыс аумағы 15 гектар жерге жоспарланған. Құрылысты «ATM Petropavlovsk Hospital» ЖШС (Құрылтайшылар: 95% — YDA Group, 5% — BI Global) бастады. Бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігінің 2020–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматында жүзеге асырылуы тиіс еді.

2022 жылдың 1 наурызынан 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін инвестор тарапынан құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды. Алайда, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап түрік серіктесі жұмыстарды қайта жандандырып, қазіргі таңда күн сайын құрылыс алаңында 80-ге жуық жұмысшы жұмыс істеп жатыр.

құрылыс
Фото: СҚО әкімдігі

Биылғы 9 маусымдағы жағдай бойынша мобилизациялық, жер қазу жұмыстары және іргетасы толық аяқталған. Бетон құю — 99%, гидрооқшаулау — 98,5%, негізгі корпустың 4–7 қабаттары, паркинг және бомбапана тұрғызылған. Электр желілерін тарту — 12%, желдету — 1,5% деңгейінде орындалды. Қасбетті монтаждау және кірпіш, газоблокпен қабырға қалау жұмыстары басталды. Жалпы нысан бүгінде 40% салынған.

Алайда қазір Денсаулық сақтау министрлігі жобаны қаржыландыру және іске асыру тетігін нақтылаған жоқ, министрлік пен жеке инвестор арасында келісімшарт жасалмаған. Сондықтан бұл мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр.

— Петропавлдағы »ТРИО» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2017 жылы үлескерлердің қаражатына басталды. Қазір тоқтап тұр. Себебі неде? Мәселе қалай, қашан шешіледі?

— Петропавл қаласындағы Пушкин — Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысында орналасқан 18 қабатты үйдің әрқайсысында 85 пәтер болады. Негізі үш үй салынуы тиіс, біріншісі 90%-ға, екіншісі — 85% салынған. Инженерлік инфрақұрылым бойынша — магистральдық жылу трассасы құрылыс алаңына дейін жеткізілген. Пәтерлердің шамамен 90%-ы сатылған (жалпы 100 үлескер бар). Қазіргі таңда терезелерді орнату, ішкі қабырғаларды тұрғызу және әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Шығынды жабу мақсатында 2020 жылы «Зерттеу-СК» ЖШС үшінші үйдің құрылысын бастаған. Үйдің қадалары қағылған. Үшінші үй 23 қабатты, 110 пәтерлі болады. Ішінде коммерциялық орындар мен автотұрағы қарастырылған тұрғын үй. Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Үшінші үй бойынша — нөлдік цикл аяқталып, арматуралы тіректер орнатылып жатыр.

Бұл № 1, № 2 және № 3 тұрғын үйлерді 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

— Дәл осындай мәселе 2021 жылы бұрынғы »ЦОТ» аумағында құрылысы басталған екі 18 қабатты үйге де қатысты. Нысан қашан қолданысқа беріледі?

— Бұл үйлер Астана-Интернационал және Бостандық көшелерінің қиылысында орналасқан. Құрылысты «ЦОТ» ЖШС жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда қасбеттік жұмыстар, инженерлік желілерге қосу және ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынды.

Бұл үйлерді 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Қазіргі уақытта сапасыз салынған немесе тоқтап тұрған құрылыс нысандары бойынша сот немесе тергеу процестері бар ма? Оларды атап өтсеңіз.

— Иә, мұндай фактілер бар. Мәселен, 2021 жылдың ақпанында Петропавл қаласы Назарбаев көшесі, 232А мекенжайы бойынша 60 пәтерлі бес кіреберісті төрт қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына «Би Электро» ЖШС жауапты. Үйдің тек 30%-ы ғана салынды, яғни 1-3 қабаттары ғана тұрғызылған. 2021 жылдың шілдесінен бері құрылыс тоқтап тұр.

Бұл үй бойынша 48 үлескер бар, жалпы 55 келісімшарт жасалған, өйткені кейбірі бірнеше пәтерге ақша құйған. Олар пәтер құнының 50-100% аралығында қаржы салған. Жиналған қаражат көлемі — 413 млн теңге. Қалған 311 млн теңге төленбеген.

2022 жылдың 14 қазанында сот орындаушысы бұл жер учаскесіне тыйым салды. 2024 жылдың 19 наурызында Петропавл қалалық сотының үкімімен кәсіпкерлер С. И. Гусев пен Ю. Н. Бородин Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды.

Үлескерлер азаматтық талап арыз беріп, сот шешімімен олардың материалдық шығындары өндірілді. 2025 жылдың 11 наурызындағы облыстық соттың қаулысымен «Би Электро» ЖШС-інен мемлекет кірісіне 1 108 928 теңге өндіру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта орындау парақтары жеке сот орындаушысына берілді.

Бұған дейін халықаралық маңызы бар «Петропавл-Қорған» тасжолының салынып жатқанына биыл 8 жыл болғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар