Петропавлдағы тарихи ескерткіш – көпес Стреловтың үйінде жөндеу жұмысы басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі уақытша жабылып, бір кездері көпестердің үйі мен дүкені орналасқан ғимаратта күрделі жөндеу басталды.
Петропавлдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты XIX ғасырдың соңында салынған облыстық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. Жалпы ауданы – 2,4 мың шаршы метр, оның 2 мың шаршы метрі көрме залдарына арналған. Соңғы рет ғимаратта қалпына келтіру жұмыстары 2005 жылы жүргізілген. Биыл шатырды жөндеу, жылу, су және кәріз жүйелерін жаңарту жоспарланған.

Қызыл кірпіштен салынған, сәулеті ерекше екі қабатты ғимарат Петропавлдың орталығында, Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан.

- Революцияға дейін бай саудагерлердің үйлері мен дүкендері қаланың негізгі келбетін айқындады. Олар қабырғаларын мықты етіп кірпіштен немесе ағаштан, әдемі ою-өрнектермен безендіріліп салынған. Бай саудагерлердің үйлері көбіне екі қабатты етіп салынып, кең бөлмелерімен, үлкен терезелерімен және екінші қабаттағы балконмен ерекшеленді. Сол кезеңнің тағы бір ерекшелігі – байлар үйлеріне дүйендерін, кеңселерін, шаруашылық ғимараттарды жапсарлас салды. Сондай-ақ кейін ұрпағына қызмет ететіндей етіп сапаға аса мән берді, - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Татьяна Ланщикова.

Стреловтар Петропавлдағы ең танымал саудагерлердің бірі болған. Кешенді 1891 жылы Вознесенский көшесінде Мавра Стрелова жұбайы қайтыс болғаннан кейін салады. Екі баламен қалған ол күйеуінің ісін жалғастырып, жүн, қой және ешкі өнімдерімен сауда жасаған. Кейін ісі өрге басып, «М.Ф. Стрелова мен ұлдары» және 1903 жылы «Стреловтар мен Корсаков» атты сауда серіктестіктерін ашады.

Музей қызметкерінің айтуынша, отбасы тек саудамен шектелмей, қаланың қоғамдық өміріне де белсенді араласқан. Иван Стрелов 1909–1917 жылдары қала кеңесінің мүшесі болды. Революция және азамат соғысы бұл отбасының да өмірін түбегейлі өзгертті.

Ағайындылар Колчак әскеріне қосылып, кейін 1930 жылы тұтқындалып, өлім жазасына кесілді. Қазір олардан тараған ұрпақ негізінен Ресейдің Челябі қаласында тұрып жатыр.

Бұған дейін Керекудегі атақты Майра ән салған үйдің тарихы туралы жазған едік.





