Петропавлдағы жаңа емхана жабылмайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда «Береке» шағын ауданындағы емхана тұрғындардың наразылығынан кейін жұмысын жалғастыратын болды.

Петропавлдағы жаңа емхана жабылмайды
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұған дейін әлеуметтік желіде осы ауданның тұрғындары жалғыз емдеу мекемесінің жабылайын деп жатқанын жазып, дабыл қаққан еді.

Айтуларынша, сырқаттарды басқа аудандардағы емханаларға ауыстырмақ болған. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.

- «№2 қалалық емхана» ШЖҚ КМК басшылығы жекелеген бөлімшелер құрылымын оңтайландыру және жұмыс істеу тиімділігін арттыру аясында қайта ұйымдастыру туралы дербес шешім қабылдаған болатын. Атап айтқанда, бұл шешім кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды қайта бөлуге қатысты болды, соның бірі - медициналық қызметтердің бір бөлігін «Береке» шағын ауданында орналасқан филиалдан мекеменің басқа мекенжайлардағы филиалдарына ауыстыру.

Алайда, жағдайды талдау және мониторинг барысында, сондай-ақ «Береке» шағын ауданы тұрғындары тарапынан көптеген өтініштерге орай бұл шешім аумақта алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасына теріс әсер ететіні белгілі болды. Осыған байланысты емхана басшылығы бұрын қабылданған шешімді қайта қарады, - делінген басқарма баспасөз қызметінің жауабында.

Яғни, «Береке» шағын ауданындағы емхана жұмысын жалғастыра береді.

- Сонымен қатар, халықтың медициналық қызметтерге қажеттіліктерін кешенді талдау басталды, сондай-ақ маршруттау тиімділігін және қажетті көмек түрлеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында пациенттердің логистикасы қайта қаралды.

Жағдайды объективті бағалау үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары мониторингтік мақсатпен емдеу мекемесінде болды. Емхана ұжымымен кездесу өткізіліп, филиалды одан әрі дамыту, кадрлық әлеуетті қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базаны жақсарту және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы жөнінде ұсыныстар әзірленді, - делінген жауапта.

Бұған дейін СҚО-да былтыр үш адам бруцеллез жұқтырғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар