Петропавлдағы №2 қалалық сотына «жарылғыш зат қойылды»

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы №2 қалалық сотына бомба қойылғандығы туралы хабар арнайы қызметтерді әбігерге салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10:30 шамасында Петропавлдағы Брусиловский көшесі, 60 мекен жайындағы №2 соттың ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар түскен.

«Петропавлдағы №2 соттың және сот қызметкерлерінің электронды пошталарына «соттардың ғимараттарына жарылғыш заттардың қойылғандығы туралы» хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына жеткен Петропавл қалалық полициясының жедел тергеу тобы және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сағат 10:30-да №2 қалалық соттың және осы ғимаратта отырған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьялары мен қызметкерлерін қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Ғимаратты тексеру кезінде полиция қызметкерлері жарылғыш затты таппады», - делінген хабарламада.

Сот ғимаратын тексеру жұмыстары сағат 11:20-да толық аяқталып, соттардың қызметкерлері жұмыс орындарына қайтып оралды.

Бұған дейін Алматыдағы қалалық соттың ғимаратына да жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар түсіп, судьялар мен қызметкерлерді эвакуациялауға тура келгенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар