Петропавлдағы балалар театры «Батыр Баянды» сахналады

М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде қойылған спектакльдің желісі қарапайым болғанымен, трагедияға толы. Абылай ханның батырларының бірі Баянның 15 жастағы інісі Ноян қалмақтың қызына ғашық болады. Сұлудың «менің еліме кетсек, мен сендік болам» деген сөзінен кейін бозбала атажұртын тастап қашады. Баянға сатқын інісін өлтіруден басқа амал қалмайды. Қайғы жұтқан батыр кейін өзі бір соғыста қаза табады.
Басты рөлді сомдаған Даниял Ережепов «Білім инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы. Болашақ мамандығын ол театрмен байланыстырмақ.
«Көрерменнің көңілінен шықтым деп ойлаймын. Өйткені, жанымды салып ойнадым. Баян інісін өлтірген кезде мен шынайы жыладым. Спектакльді сахнаға дайындау барысында көп іздендім. Поэманы қайта оқып шығуға тура келді. Қазір 11-сыныпта оқимын. Алматыға, театр институтына оқуға түсуді жоспарлап отырмын. Қоюшы-режиссер мамандығын алғым келеді», - дейді Даниял.
«Толағай» балалар театрының құрамында қазір 60 шақты оқушы бар. Бұл жолы олардың жартысынан астамы алғаш рет көрермен алдына шығып, өнер көрсетті. Алда петропавлдықтарға 9 мамыр - Жеңіс күніне орай жаңа қойылым ұсынбақ. «DIGITAL ҰРПАҚ» оқушылар сарайы жанынан ашылған балалар театрының режиссері Дәурен Тойбазаровтың айтуынша, жасөспірімдермен үлкен жұмыс атқарылды. Олар жас болғанына қарамастан, қиын рөлдерді ойдағыдай алып шыға білді. Бұл - балалардың актерлік шеберлігін шыңдап қана қоймай, оларға патриоттық тәрбие береді, тарихқа деген қызығушылығын оятады.
Жас сахнагерлер «Батыр Баян» спектаклін енді Петропавлдың оқу орындарында қоймақ.